Мемлекеттік сатып алу деген не? Қазақстанда қалай өтеді?

Және мұны білу неге маңызды


09/09/2020
11:21 7593 0

Қазақстанда әр алтыншы жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласында жасалады. Ал соның кесірінен бюджетке 2,5 миллиард теңгедей шығын келеді екен. 

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «бұған себеп — салаға бөлінетін қаржының жылдан жылға өсуі» дейді. Егер мемлекеттік сатып алудың бюджеті 2016 жылы 1,4 триллион теңге болса, қазір ол — 6 триллион теңге. 

 

Біз Zertteu Research Institute (Қазақстан бюджетінің қайда жұмсалғанын зерттеп жүрген қор) сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттен мемлекеттік сатып алудың не екенін және оның Қазақстанда қалай өтетінін білдік.

 


 

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ДЕГЕН НЕ? 

 

Мемлекеттік органға (мектеп, әкімдік, полиция және т.б) бір зат немесе қызмет қажет делік. Олар «бізге мынау керек, ол мынандай болуы керек, оған мынандай көлемде ақша төлейміз» деп хабарлама береді. Кейін сатушылар (өнім берушілер) «менде бар» деп өз тауары мен қызметін ұсынады. Тапсырыс беруші (мемлекет) олардың арасынан біреуін таңдап, содан қызмет немесе тауар сатып алады. Сол үшін келісімшартқа отырады. Міне, мемлекеттік сатып алу деген осы. Бұл Қазақстанда ғана емес, басқа мемлекеттер де бар. Мысалы, Ресей, Украина. 

 

Бұл жерде тауар дегеніміз — кез келген нәрсе: азық-түлік, киім-кешек, жиһаз, көлік және т.б. Ал қызмет — қоқыс шығару, көлік жүргізу, мерекелік кештер ұйымдастыру, тағам жеткізу және т.б. 

 

Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың синонимі ретінде тендер деген сөзді қолданады. Бұл қате. Мемлекеттік сатып алу — тендердің бір түрі. Тендерді тек мемлекет емес, оған қатысы жоқ басқа компаниялар да өткізе алады. 

 

ОНЫ КІМ ӨТКІЗЕДІ?

 

Тауар, қызметті конкурс арқылы сатып алғысы келетін кез келген мемлекеттік орган не мекеме (мысалы, мектеп, әкімдік), оған қатысы бар компаниялар (мысалы, «Қазмұнайгаз»). 

 

НЕГЕ ӨТКІЗЕДІ? 

 

Ашықтық үшін. Себебі не сатып алса да, қаражат бюджеттен кетеді. Халық оның қайда және қалай жұмсалып жатқанын білуі керек.

 

ОЛ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

 

Мемлекеттік мекемелер хабарламаны мемлекеттік сатып алу порталында goszakup.gov.kz, ал квазимемлекеттік команиялар өз сайтында жариялайды. Онда олар «тауарлар мынандай көлемде, сапасы мынандай болуы керек, саны осындай болсын» деп тауарды сипаттайды, сатушыларға өз талаптарын қояды. Мысалы, «өнім беруші нарыққа шыққалы кем дегенде үш жыл болуы керек». Осы талаптар жазылған құжат техникалық ерекшелік деп аталады. Кейін құжат тапсырудың дедлайны белгіленеді.

 


 

Квазимемлекеттік компаниялар — мемлекет құрған немесе акционері болатын заңды тұлғалар (АҚ, ЖШС және т.б). Мысалы, КазТрансОйл. 

 


 

Мемлекеттік сатып алу порталы

 

Тапсырыс берушілер конкурстың қандай тәсілмен өтетін жазады. Оны өткізудің бес түрі бар. Алғашқы үшеуі — Қазақстанда ең жиі қолданылатын тәсілдер. 

 

Ашық конкурс

 

Ең ұзақ өтетін тәсіл. Өткізуге шамамен 48 күн қажет. Шешімді конкурс комиссиясы шығарады. Бірнеше кезеңнен тұрады. 

 

Құжаттаманы талқылау. Қатысушылар қойылған талаптарды талқылап, оның кемшіліктері (мысалы, тауар немесе қызмет саны нақты емес) бар болса, айтып, түсінбеген жерлерін сұрайды, өз пікірін айтады. Комиссия шынымен кемшілік бар десе, талаптар құжатын қайтадан жасайды. 

 

Алдын ала өтініштер қабылдау. Комиссия өтініштерді бір қарап, тексеріп, қатысушыларға кемшіліктерін (бар болса) көрсетеді. Мысалы, олардың салық туралы ақпараты толық емес болуы мүмкін. Қатысушылар қателерді түзетуі қажет. 

 

Өтініштер қабылдау. Әлеуетті сатушылар қателерін түзетіп, құжаттарды қайтадан тапсырады. Комиссия оларды тағы қарап, жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаз көбіне — тауары немесе қызметі үшін ең төмен баға ұсынған өнім беруші.

 

Жеңе алмағандар конкурс шешіміне шағым жасай алады. Оған бес күн беріледі. 

 

Егер өтініштерді қабылдау кезеңіне тек біреу өтсе немесе ешкім өтпесе, конкурс өтпеген боп есептеледі. Кейін ол тағы өтеді — басынан бастап. Оған да 48 күн кетуі мүмкін. Бұл конкурсқа да бір өнім беруші өтсе, тапсырыс беруші соған келісім шарт ұсынады. Келіспесе немесе конкурсқа ешкім өтпей қалса, сатып алушы өз ұсынысын сол саладағы басқа өнім берушіге жібереді. Өнім беруші келіссе, олар келісім шартына отырады. Бұл өтпей қалған мемлекеттік сатып алу бойынша тікелей бір көзден сатып алу деп аталады.

 

Баға ұсыныстарын сұрату

 

Ашық конкурсқа ұқсайды. Бірақ одан оңайлау. Бес-ақ күнде өтеді. Көбіне біртекті тауар (мысалы су) немесе қызмет (көлік жүргізу) сатып аларда қолданылады. Шешімді комиссия емес, портал автоматты түрде өзі шешеді. Жеңімпаз  ең төмен баға ұсынған тұлға.

 

Қатысушылар бірдей баға ұсынса, қайсы бірінші болып өтініш жіберді, портал соны таңдайды. 

 

Тікелей келісім шартын жасау арқылы бір көзден сатып алу

 

Тапсырыс беруші конкурс өткізбей, сатушыны өзі таңдап, не керек екенін жазып, ұсыныс жасайды, яғни тендер өткізбейді. Оған елуден астам негіз бар. Мысалы, терроризм, экстремизммен күресерде қолданылатын тауар, қызмет, жұмыс алу. Толық тізімін мына жерден қарай аласыздар.

 

Пандемия кезінде мемлекеттік сатып алудың көбі осы тәсілмен өтіп жатыр. 

 

Сауда биржасы

 

Мемлекет бекіткен ең қажетті тауарларды сатып алуда қолданылады. Мысалы, өсімдік майы, ет, бидай ұны. 

 

Аукцион

 

Ашық конкурсқа ұқсайды. Айырмашылығы — қатысушылар басқалардың қандай баға ұсынғанын көре алады. Комиссия ең төмен баға ұсынған өнім берушіні жеңімпаз деп таниды.    

 

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУҒА КІМ ҚАТЫСА АЛАДЫ?

 

Тапсырыс берушінің талаптарына сай мемлекетке қатысы бар және жоқ акционерлік қоғам (АҚ), жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), жауапкершілігі шектеулі қоғам (ЖШҚ) және жеке кәсіпкерлер (ЖК). 

 

Онда кейбір қатысушы өз қызметі мен тауарын ұсына алмайды («Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 6-бабы). Олар:

 

  • жақын туыстары конкурс шешіміне ықпал ете алатын немесе тапсырыс беруші тұлғалар;
  • тапсырыс беруді ұйымдастыруға қатысқан тұлға;
  • жосықсыз (недобросовестный) қатысушылар тізімінде тұрғандар;
  • мемлекетке қарыз тұлғалар және тағы басқалар. Толық тізімін мына жерден қарай аласыздар.  

КОНКУРСТАРДЫҢ ШАРТТАРЫ, ҚҰНЫ МЕН ШЕШІМДЕРІ АҚЫЛҒА ҚОНБАЙДЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН. БІРАҚ МЕН ТАПСЫРЫС БЕРУШІ ДЕ, ОРЫНДАУШЫ ДА ЕМЕСПІН. НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫН?

 

Жалпы конкурс шарттары, құны мен қорытындылары ақылға қонымды болуы шарт емес. Бастысы, олар заңға қайшы келмеуі керек. Ал оларды заңсыз, баға негізсіз жоғары немесе төмен деп есептесеңіз, оны тапсырыс берушіге хабарлай аласыз. Ал сыбайлас жемқорлық бар деп есептесеңіз, жергілікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне шағымдансаңыз болады. 

 

Конкурс шешімдерінің үстінен соларды шығарған комиссияға тек қатысушылар шағым түсіре алады. Ал конкурс қорытындысы туралы хаттамадан (қорытынды шыққанда хаттама толтырады) заңсыз нәрсе байқасаңыз, оны жергілікті прокуратураға немесе сол сатып алу шарасын өткізуші мекемеге, жауапты тұлғаға хабарлай аласыз. 

 

Егер одан да нәтиже болмаса, әлеуметтік желілерге жазып, тиісті органдарды белгілеп, қоғам талқылауына салуға болады. Бірақ алдымен жауапты мекемелерге хабарлап, мәселені тікелей солармен шешуге тырысқан жөн.

 

ТАПСЫРЫС БЕРУШІ БАҒАНЫ ҚАЛАЙ ҚОЯДЫ? ОЙЫНА КЕЛГЕН БАҒАНЫ ҚОЯ САЛА МА?

 

Жоқ. Баға қоюды мемлекеттік сатып алу туралы заң реттейді. Ол бойынша, тапсырыс беруші нарықтағы ең төмен бағаны қоюға тиіс. 

 

МЕМЛЕКЕТТІ САТЫП АЛУДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН БІРЕУ КҮРЕСЕ МЕ?

 

Мемлекеттік сатып алудың әділ өтуін қадағалауға жауапты екі орган бар. 

 

  1. Қаржы министрлігінің «Электрон қаржы орталығы» АҚ. Осы саладағы заңнаманы жазу, жетілдіру, орындалуын қадағалауға тікелей жауапты.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Бұл мекеме де тендерлерге мониториң жүргізіп, заңсыздықтарды жою, алдын алумен айналысады. 

 

Сондай-ақ онымен басқа мониториң жүргізетін топтар мен «Адалдық алаңы» деген жоба, қоғамдық ұйымдар, мысалы, Zertteu Research Institute, журналистер мен белсенділер күресіп жүр.  

 

Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, жемқорлықпен ең тиімді күресе алатындар — БАҚ пен қоғамдық ұйымдар. 

 

— Қазір мемлекеттік сатып алу жайлы жазатын журналистер көбейді. Бұл жақсы құбылыс. Қоғамдық ұйымдар тәуелсіз, шынайы, бейтарап ақпаратты еркін тарата алады. Олар беделі маңызды болғандықтан мемлекеттік тапсырыс алмайды, яғни ешкімнен тәуелді емес. Алайда барлық қоғамдық ұйым ондай емес, дейді ол.

 

Десе де, оның пікірінше, қоғам мемлекеттік сатып алуды әлі де аз бақылайды, оның тиімділігіне сенбейді, қызықпайды. Осыдан арылса, тендер өткізудің басқа кемшіліктерін жоюға болады. Ғалымжан мынадай кемшіліктер бар дейді:   

 

  • Салада жемқорлық фактілерінің басқа заңсыздықтардың тым көптігі. Ал оны тиісті органдардың бақылауы жеткіліксіз. 
  • Порталдағы фильтрлерді жетілдіру керек. Керек хабарландыру, ақпараттарды оңай тауып алу мүмкіндігі болса жақсы болар еді. Әсіресе, зерттеушілерге. Кілт сөзбен жұмыс істеуді жақсарту қажет. 
  • Қазір конкурс құжаттамасын көру, шағым түсіру мүмкіндігі тек сол конкурсқа қатысушыларда ғана бар. Ол мүмкіндік бәріне ашық болса, көптеген негізсіз шығын мен басқа да жағдайдың алдын алуға болар еді. 
  • Тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға мүмкіндік беретін негіздер тым көп — 50-ден астам. Дамыған мемлекеттерде бұл ары кетсе 10–15 болуы мүмкін. Қазір бізде барлық сатып алудың 75 %-ы осы тәсілге тиесілі. Бұлай болмауы керек. Конкурссыз сатып алу — бәсеке жоқ деген сөз. Ал бәсеке болмаған жерде қаржы тиімді, үнемді жұмсалмайды, жемқорлық болуы ықтималдығы жоғары. Бұл сатып алатын тауар, қызмет, жұмыс сапасына да әсер етеді. 

Артықшылығы да жоқ емес. Сарапшының ойынша, ол — мемлекеттік сатып алу порталы. Сайт көп елдердікімен салыстырғанда әлдеқайда ашық, ыңғайлы жасалған. Порталда ақпарат іздеу және табу олардікіне қарағанда оңай.

 

Поделиться

Нет комментариев.

09/09/2020 11:21
7593 0

Уведомление